История федерации

Күреске аннотация ретінде

Қазақ даласы қай кезде де даңқты балуандардан кенде болған емес. Ешбір той-томалақ, жиын күрессіз өтпеген. «Күрес біздің қанымызда бар» дейтініміз де сондықтан. Атынан ат үркитін қазақ балуандары жайлы әңгіме қозғағанда, ауызға алдымен Балуан Шолақ атымен танымал Нұрмағанбет Баймырзаұлы мен Қажымұқан Мұңайтпасов оралатыны айдан анық. Бір қызығы, қос балуанның да балалық шағы Ақмола облысының Қаратөткел елдімекенінде (Астана қаласынан 12 шақырым) өткен. Күреспен де осы жерде айналасып бастады. Сондықтан бүгінгі Астанадағы грек-рим, еркін күрес түрлерінің дамуы жайлы әңгіме өрбіткенде, оның тарихы тым тереңде жатқанына куә боламыз.

Балуан Шолақтың нәтижелері ресми тіркелмесе де, оның жетістіктерін ұрпағы әлі күнге аңыз қылып айтып жүреді. Ал Арқа төсіндегі кезекті жиындардың бірінде 837 келілік кір тасын көтеріп рекорд орнатқан оның бұл көрсеткішін әлі күнге ешкім қайталай алған жоқ.

Қазақ баласының елішілік бозкілемде ғана емес, әлемдік аренада да атой салуы керектігін алғаш көрсеткен – Қажымұқан Мұңайтпасов. XX ғасырдың басында дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды саңлақтарды бірінен соң бірін жығып, мықтылығын әлемге мойындатты. Орасан күштің иесі төрткүл дүниенің 54 мемлекетінде күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Оның бір қазақтың емес, түркі жұртының мақтанышыны айналуы да сондықтан.

 

Еркін күрес тарихы

Өткен ғасырдың 60-жылдары Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институты еліміздің қалаларында спортты насихаттау мақсатында рейдтер ұйымдастыратын. Бұл қатарда зілтеміршілер, боксшылар мен балуандар болған. Сондай кездесулердің бірінде Целиноградтың Құрылыс техникумының директоры Сембинов Әлмұхан Оспанұлы бойшаң жігітті байқап қалып, оны осы қалада күресті дамытуға шақырады. Ол Қыдыркен Қожанов болатын. Араға жарты жыл салып оқуын тәмамдаған бозбала Алматыдан Целиноградқа оралып, бастапқыда техникумда сабақ берсе, біртін-біртін өзге де балаларды еркін күреске баули бастады. Сол шәкірттерінің қатарында Мухомнин, Качисов, Төлеубеков, Отделкин, Шамшуддинов, Хамитов секілді танымал балуандар болғанын айта кеткен жөн. Осылайша өзінің бапкерлік мансабында ол 30-дан аса спорт шеберін, бірқатар Қазақстан чемпионы мен жастар арасында екі КСРО чемпионын даярлаған. ҚазКСР-нің еңбек сіңірген бапкері. Оның шәкірттері Виталий Коволев, Александр Гинкельдер – КСРО-да жастар арасында өткен чемпионаттың жеңімпаздары. Соңғы жылдары Қожановты еске алуға арналған турнирлер ұйымдастырылуда.

Ал елорда Астана төріне ауысып, Қ.Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осында көшірілген соң жаңа есімдер пайда болды. Осы уақыт аралығында елордада еркін күресте «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандар шоғыры қалыптасты.

Балуандардың шыңдала түсуіне Коволевтің де зор үлес қосқандығын естен шығармаған жөн. Ол, тіпті, дүние салғанға дейін өз қаржысына Қазақстан чемпионатын да ұйымдастырып жүрді.

2007 жылы елордада күрес түрлерінен федерацияны басқарған Размат Әлібеков спорттық база салып, балуандардың жаттығу жасауына жағдай жасаған.

Ал бұл күні құрам білікті мамандарға сеніп тапсырылған. Бір кездері Қазақстан спартакиадасында топ жарған Шамшуддинов пен еңбек жолын Қ.Мұңайтпасов атындағы интернатта бастап, ҚР еңбек сіңірген бапкері атанған Асқар Әбдірашевтің бірігіп жұмыс істеуінің арқасында соңғы жылдары елорда құрамасы Қазақстан кубогында бес рет: екі рет бірінші орын үшін, бір рет екінші және екі рет үшінші орын үшін жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Одан бөлек жастар арасында Қазақстан, әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары пен жүлдегерлері Жамбыл Әбіров, Самат Жақыпов, Нұрлан Бекжанов, Асхат Құсепов, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Мақсат Дауылбаев, жастар арасында Азия чемпионы Саятбек Оқасов, Ануар Байбосыновтар Астананың ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатар балуан екендіктерін дәлелдеуде.

2015 жылы Астана командасы Қазақстан халықтарының спартакиадасында жеңіске жетсе, оның алдында бірнеше рет үздік үштікке іліккен.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет Нұрлан Бекжанов (Асқар Әбікенұлының төл шәкірті) әлем чемпионатының финалында белдесіп, күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек те болашағынан зор үміт күттіретін балуандар өсіп келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Астана бойынша жастар арасында 175 бала еркін күреспен шұғылданса, ересектер сапында 40-қа жуық балуан даярлық жасауда.

Жақыпов, Барсаев деген бапкерлер де табысты еңбек етуде. Олардың шәкірттері ел біріншілігін былай қойғанда, әлем біріншіліктерінде үздіктер қатарынан көрініп жүр.

Кезінде күрестің әлібпиін Астанада жүріп үйренген, бүгінде Павлодар облысының намысын қорғайтын Саятбек Оқасов Азия ойындарының қола жүлдегері атағына қол жеткізгенін мақтанышпен айтамыз.

 

Грекрим күресі

Ал Астанадағы грек-рим күресінің негізін қалаушы деп Валерий Лукьяновты айтуға болады. Ресейдің Самара қаласында дүниеге келіп, Санкт-Петербургтегі П.Ф. Лесгафт атындағы университетті тәмамдаған жас маман арнайы шақыртумен 1972 жылы Целиноградқа келді. Небәрі 26 жастағы Валерий Константиновичке жүктелген басты міндет өңірде дамуы кенжелеп қалған грек-рим күресінің қанатын кеңге жайғызу еді.

Алғашқы жылдары Спорт шеберлігі мектебінің қабырғасында жұмыс істеген Валерий Константинович өзінің бапкерлік ғұмырында 15 КСРО спорт шеберін даярласа, солардың ішінде Василий Евтушенконыерекше атап өтуге болады. Ол – Целиноградтан шыққан әлем чемпионатының және КСРО чемпионатының алғашқы жүлдегері. Бұдан бөлек В.Лукьяновтың тәлімін көрген Остапчук, Иван Лукьяновтар бүгінде өздері шәкірт тәрбиелеп жүрсе, Мейірхан Рахметов ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы атанды. Бүгінде ҚР еңбек сіңірген бапкері В.Лукьяновтың құрметіне орай жасөспірімдер арасында дәстүрлі турнир ұйымдастырылып тұрады.

Еліміздің ордасы Астана қаласына ауысуы өңірдегі спорт түрлерінің, соның ішінде грек-рим күресінің дамуына жаңа дем берді. Жастар құрамасының бапкері Рыспек Нұрғазиннің қолқанат болуымен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты да Астанаға ауыстырылды. Осыдан соң елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар мен жас дарындар ағыла бастады. Тәжірибелі бапкерлердің қатарында өзі де Ақмола облысында туып-өскен Сергей Васильевич Лысогор болды. Кезінде ел намысын бозкілемде қорғаған балуан енді бар білгенін мектеп тәрбиеленушілеріне үйрете бастады. Оның шәкірттерінің алды құрлық біріншіліктерінде үздіктер қатарына ілігіп жүр. Сонымен қатар Рыспек Нұрғазиннің арқасында Алмат Кебіспаев сынды саңлақтың елорданың намысын қорғау туралы шешім шығарғанын да айта кеткен жөн.

2006 жылы Олимпиадалық резерв даярлау орталығының ашылуы да кәсіби спорттың дамуына қарқын қосқаны анық.

Елордадағы грек-рим күресінің дамуына үлес қосқандар қатарында халықаралық дәрежедегі төреші Айдын Сәрсекеев, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Оралхан Балмағамбетов, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Ақылбек Мусин де бар. Соңғы жылдары Ақылбек Мусинді еске алу турнирі елімізде тұрақты өткізіледі. Афина олимпиадасының күміс жүлдегері, бүгінде грек-рим күресінен ерлер құрамасының аға бапкері Георгий Цурцумияның да осы спорт түрінің елімізде, соның ішінде Астанада дамуына қосқан үлесі орасан.

2012 жылы Қазақстанда Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы құрылып, оның қатарына «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі қосылғалы өңірлерде де спорттық федерациялар ашыла бастады. Грек-рим күресінен мұндай ұйым 2014 жылы елордада да жұмысын бастады. Ондағы мақсат –тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа баулып, Астана қаласының жеке құрамын даярлап қана қоймай, жоғары жетістіктерге жету. Ол үшін федерация тарапынан балуандардың күреспен тұрақты шұғылдануына барлық жағдай жасалып, демеушілік көрсетілуде. Соның дәлелі ретінде Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы (2011, 2018 жылдары), Азия ойындарының қола жүлдегері (2014), Әлем кубогының иегері (2013), 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2013 және 2015 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алмат Кебіспаев, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері (2014), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2015) Досжан Кәртіков, ХДСШ, Азия чемпионы және Азияның бірнеше дүркін жүлдегері, 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Эльдар Қайратов, ХДСШ, 2012 жылғы Азия чемпионы Азамат Құстыбаев, Спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Есжанов, Азия чемпионатының жүлдегерлері Ризат Мұхамадиев пен Бақытжан Қуандықовты айтуға болады.

Түптеп келгенде мұның бәрі Астана еліміздің ордасы болса, енді тарихи жаңғыру орын алып, қайтадан күрестің де орталығына айналар күні алыс еместігін аңғартса керек.